ТЕННИС: З.Дияс М.Шараповадан айласын асыра алмады

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Австралия ашық чемпионатының үшінші айналымында қазақстандық Зарина Дияс пен ресейлік, әлемнің екінші ракеткасы Мария Шарапова кездесуін өткізді.

Аталмыш матчты Еуроспорт телеарнасы тікелей эфирден көрсетті. Үш партияға созылған алдыңғы ойында ойда-жоқта ұтылып қала жаздаған М.Шарапованың бұл жолы аса жинақы шыққаны бірден байқалды. Бірінші партияда үш брейкті ұтқан ресейлік теннисші 6:1 есебімен жеңіске жетті. Екінші партияда Зарина қарсыласы доп берген кезде сәтті ойнап, бір брейкті пайдалана білді. Алайда бұдан кейінгі алты бірдей геймде М.Шарапова жеңіске жетті. Сөйтіп бұл партия да 6:1 есебімен аяқталды. Зарина кейбір тұстарда қарапайым қателіктерге бой алдырды. Оның айтарлықтай қарсылық көрсете алмауына мұның алдында үш партияға созылған екі кездесу мен кешегі оңтүстікафрикалық Шанель Схеперспен бірге ойнаған жұптық матч та себеп болған сияқты. Дегенмен З.Диястың биыл да Австралия чемпионатының үшінші айналымына дейін жетуін жақсы табыс деп есептеуге болады.

М.Шарапова төртінші айналымда бүгін Я.Шведованы ұтқан қытай қызы Пэн Шуайдың шамасын байқап көреді. Егер М.Шарапова мен тағы бір ресейлік Екатерина Макарова алдағы ойындарын сәтті өткізсе, жартылай финалда өзара шеберлік байқасады. Сонда кемінде бір ресейлік теннисші финалға шығады. М.Шарапова бұл турнирді 2008 жылы ұтқан болатын.

Соңғы жаңалықтар