Теннис: Юлия Путинцева Тяньцзинь турнирін жеңіспен бастады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 36-ракеткасы Юлия Путинцева Қытайдағы Тяньцзинь WTA турнирін жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ю.Путинцева алғашқы айналымда рейтингте 95-орында тұрған аустралиялық Астра Шармамен кездесті.

Олардың екеуі де 1995 жылғы, 24 жаста.

Бірінші партияда бірден брейк жасаған қазақстандық теннисші 3:0 есебімен алға кетті. Ол сол қарқынынан таймай, айқын басымдылық көрсетті – 6:1.

Екінші сетте керісінше А.Шарма дәл сондай есеппен жауап қайырды – 6:1.

Үшінші, шешуші партияны да аустралиялық спортшы брейкпен бастады – 2:0. Ол тағы бір брейк жасағаннан кейін Ю.Путинцева медициналық көмекке жүгінді. Есеп 0:4 болған мезетте Юлия қатарынан үш геймді алды – 3:4. Ал А.Шарма 5:3 болғанда, матчболын пайдалана алмады. Бұдан кейін қазақстандық теннисші таразы басын теңестіріп қана қоймай, алға да шықты – 6:5. Ақыры матчты тағы бір брейкпен тәмамдады – 7:5.

Соңғы сеті тартысты өрбіген бәсеке екі сағатқа жуық уақытқа созылды.

Ю.Путинцева жүлде қоры 500 мың АҚШ долларына бағаланған жарыстың екінші айналымында тағы бір аустралиялық, US Open турнирінің 2011 жылғы чемпионы, қазір рейтингте 91-сатыдағы Саманта Стосурмен кортқа шығады.

Өткен жылы осы турнирде Ю.Путинцева бірінші айналымнан аса алмай қалған еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің әлемдік рейтингте көтерілгенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар