Теннис: Юлия Путинцева Ролан Гаррос турнирін жеңіспен бастады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық, әлемнің 27-ракеткасы Юлия Путинцева Ролан Гаррос турнирін жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Франция ашық чемпионатының (жүлде қоры – 38 млн еуро) 23-ракеткасы болып тіркелген Ю.Путинцева алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 79-орында тұрған бельгиялық Кирстен Флипкенспен кездесті.

Юлия биыл 25-ке толса, тәжірибелі қарсыласы 34-те еді.

Бірінші партияда қазақстандық теннисші қарсыласына бір ғана гейм берді – 6:1.

Екінші сетте Юлия брейкпен алға шықты – 3:1. Тағы бір брейк – 5:1. Тек осыдан кейін бельгиялық спортшы брейкпен жауап бере алды. Дегенмен Ю.Путинцева ойынды брейкпен түйіндеп, екінші матчболын пайдалана білді – 6:2.

Қазақстандық спортшының айқын басымдылығымен өткен бәсеке 1 сағат 7 минутқа созылды.

Ю.Путинцева екінші айналымда рейтингте 131-сатыдағы аргентиналық Надя Подорошкамен шеберлік байқасады. Ол бастапқы кездесуінде тағы бір бельгиялық, әлемнің 111-ракеткасы Гретье Минненді 6:2, 6:1 есебімен оңай ұтты.

Бұдан бұрын Ю.Путинцева Ролан Гаррос турнирінде екі мәрте 2016 және 2018 жылдары, ал АҚШ ашық чемпионатында биыл алғаш рет ширек финалға дейін жеткен еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ролан Гаррос турнирінде қазақстандық теннисшілердің қарсыластары белгілі болғанын, Т.Скатовтың Испаниядағы жарыстың жеңімпазы атанғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар