Теннис: Юлия Путинцева Мадрид турнирін жеңіспен бастады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 41-ракеткасы Юлия Путинцева Мадрид турнирін жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші жүлде қоры 7 млн еуродан асатын ірі жарыстың алғашқы айналымында әлемнің 96-ракеткасы, румыниялық Ирина Бегумен кездесті.

Ю.Путинцева биыл 24-ке толса, 1990 жылғы қарсыласы тісқаққан, тәжірибелі спортшы болып саналады.

Бірінші партияда брейк жасаған И.Бегу 3:1 есебімен алға кетті. Дегенмен қазақстандық теннисші таразы басын өзіне аудара білді - 6:4.

Екінші сетте брейк жасаған Ю.Путинцева 3:0 есебімен жеңіп жатты. Алайда румыниялық спортшы да қарап қалмай, таразы басын теңестірді. Бұдан кейін Юлия үш геймді қатарынан алып, матчты тәмамдады - 6:3.

Бәсеке 1 сағат 36 минутқа созылды.

Ю.Путинцева екінші айналымда әлемнің 6-ракеткасы, украиналық Элина Свитолина немесе рейтингте 69-орындағы франциялық Полин Пармантьенің біреуімен шеберлік байқасады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Рабат жарысының алғашқы айналымынан аса алмағанын, Мадридтегі қарсыласы белгілі болғанын, Дмитрий Попконың АҚШ-тағы турнирдің жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.

Тағы бір қазақстандық Зарина Дияс Жапониядағы турнирдің ширек және жартылай финалдарынан сүрінбей өтіп, финалға жолдама алды.

З.Дияс финалда тайваньдық Энь Шо Лянмен бас жүлдені сарапқа салады.

Соңғы жаңалықтар