Теннис: Юлия Путинцева Чарльстон турнирінің екінші айналымына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әлемнің 46-ракеткасы, қазақстандық Юлия Путинцева Чарльстон (АҚШ) WTA 500 турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингіде 178-орында тұрған америкалық Робин Андерсонмен өткізді.

Ю.Путинцева бірінші партияда қос брейк жасап, айқын басымдылық көрсетті – 6:2.

Юлия екінші сетті де брейкпен бастады – 2:0. Дегенмен Р.Андерсон таразы басын теңестіріп кетті – 4:4. Тартысты өткен тай-брейкте қазақстандық спортшы жеңісті жұлып алды – 7:6 (11:9).

Екі сағатқа жуық уақытқа созылған кездесу барысында Путинцева эйс жасамағанымен, 7 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Қарсыласы 2 эйс, 2 брейкпен (6 брейк-пойнт) ерекшеленді.

Ю.Путинцева екінші айналымда әлемнің 47-інші, осы доданың 15-ракеткасы, тағы бір америкалық Аманда Анисимовамен күш сынасады.

Қазақстанның бірінші, әлемнің 18-ракеткасы Елена Рыбакина турнирді екінші айналымнан бастайды. Оның қарсыласы – рейтингте 42-сатыдағы украиналық Ангелина Калинина.

Жүлде қоры 899,5 мың АҚШ долларына бағаланған жарыс 10 сәуірде мәреге жетеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық қыздардың әлем чемпионаты іріктеу сайысының ширек финалына шыққанын, Дмитрий Попконың Португалиядағы турнирді сәтті бастағанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар