Теннис: Юлия Путинцева Брисбенде әлемнің 20-ракеткасын ұтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 32-ракеткасы Юлия Путинцева Брисбен (Аустралия) WTA турнирінде сәтті өнер көрсетуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Негізгі турнирге іріктеу сайыстарынан кейін қосылған қазақстандық спортшы алғашқы айналымда әлемнің 20-ракеткасы, хорватиялық Донна Векичпен кездесті.

Бірінші партияда Ю.Путинцева 6:3 есебімен басым түссе, екіншісінде Д.Векич дәл сондай есеппен қарымта қайырды.

Үшінші, шешуші сетте қазақстандық теннисші матчты жеңіспен тәмамдай алды – 7:5.

Аса тартысты бәсеке 2 сағат 33 минутқа созылды.

Ю.Путинцева Брисбен турнирінің (жүлде қоры – 1,5 млн АҚШ доллары) екінші айналымында әлемнің 27-ракеткасы, америкалық Даниэль Коллинзбен шеберлік байқасады. Ол бірінші айналымда әлемнің 5-ракеткасы, украиналық Элина Свитолинаны қапы қалдырды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің қазақстандық теннисшілердің жеңісті жолын жалғастырғанын, Зарина Диястың Қытайдағы турнирді сәтті бастағанын жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар