Теннис: Юлия Путинцева Astana Open турнирін сәтті бастады
Елімізде алғаш рет осындай жоғары деңгейде өтіп жатқан жарыстың бірінші ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші бірінші айналымда рейтингіде 162-орында тұрған грузиялық Екатерина Горгодземен кездесті.
Ю.Путинцева қарсыласын 6:1, 6:2 есебімен оңай ұтты.
Бір сағаттан астам уақытқа созылған матчта Путинцева 1 эйс жасап, 5 брейк-пойнттың төртеуін пайдалана білді. Горгодзе 1 эйспен шектеліп, брейкке қол жеткізе алған жоқ.
Ю.Путинцеваның келесі қарсыласы - Беларусь өкілі, рейтингіде 408-сатыдағы Вера Лапко. Ол бастапқы кездесуінде германиялық Юле Нимайерді ұтты - 7:5, 4:6, 6:4.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Astana Open турнирінде тартысты матчта есе жібергенін, ал Зарина Диястың екінші айналымға шыққанын жазған болатынбыз.