Теннис: Юлия Путинцева әлемнің 2-ракеткасын ұтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 39-ракеткасы Юлия Путинцева Уимблдон турнирін сәтті бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ю.Путинцева алғашқы айналымда әлемнің 2-ракеткасы, жапониялық Наоми Осакамен кездесті.

Бұл Юлияның Наомимен үшінші матчы еді. Жақында Ю.Путинцева Бирмингем (Ұлыбритания) турнирінде сол кезде әлемнің 1-ракеткасы болған Н.Осаканы тізе бүктірген еді.

Бұл жолы бірінші партия тартысты өрбіп, тай-брейкке ұласты. Онда Ю.Путинцева 7:4 есебімен жеңіске жетті.

Екінші сет қазақстандық теннисшінің басымдылығымен өтті - 6:2.

Бәсеке 1 сағат 36 минутқа созылды.

Осылайша Юлия Н.Осаканы үшінші рет жеңіп отыр.

Ю.Путинцева екінші айналымда швейцариялық, әлемнің 81-ракеткасы Виктория Голубичпен шеберлік байқасады.

Тағы бір қазақстандық, рейтингте 86-орында тұрған Зарина Дияс бастапқы кездесуін әлемнің 34-ракеткасы, америкалық Даниэль Коллинзбен өткізді.

Бірінші партияда америкалық спортшы брейк жасап, бірден алға кетті - 3:0. Ақыры сол басымдылығынан айырыла қойған жоқ - 6:3.

Екінші сет те Д.Коллинздің пайдасына шешілді - 7:5. Сөйтіп З.Дияс екінші айналымға шыға алмады.

Ерлер арасында Уимблдон турнирінде Михаил Кукушкин испаниялық Пабло Андухармен, ал Александр Бублик франциялық Грегуар Баррермен кортқа шығады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ю.Путинцеваның Уимблдон турнирінде әлемнің 2-ракеткасымен ойнайтынын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар