Теннис: Воскобоева жұптық сында Мәскеу турнирінің жартылай финалына шықты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық Галина Воскобоева франциялық Кристина Младеновичпен жұптық сында Мәскеу турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Олар ширек финалда ресейлік Анастасия Потапова мен ұлыбританиялық Хэрриет Дартты 6:3, 6:1 есебімен тізе бүктірді.

Небәрі 55 минутқа созылған кездесуде Г.Воскобоева мен К.Младеновичтің басымдылығы айқын көрінді.

Галина мен Кристина финалға шығу үшін тағы бір ресейлік Александра Панова мен германиялық Лаура Зигемундпен күш сынасады. Бұл жұп аса тартысты матчта ресейліктер Ольга Дорошина мен Полина Монованы 6:4, 3:6, 10:7 есебімен ұтты.

Мәскеуде өтіп жатқан «Кремль кубогы» жарысында жекелей сында қазақстандықтардың жолы болмады. Қазақстанның бірінші, әлемнің 73-інші ракеткасы Михаил Кукушкин алғашқы айналымда рейтингте 105-інші орында тұрған ресейлік Евгений Донскойдан ұтылып қалды. Ал рейтингте 219-ыншы сатыдағы Александр Бублик әлемнің 51-інші ракеткасы, франциялық Пьер-Юг Эрберге жол берді.

Әйелдер арасында Қазақстанның бірінші, әлемнің 48-інші ракеткасы Юлия Путинцева Мәскеу жарысының екінші айналымында рейтингте 11-інші орындағы латвиялық Анастасия Севастовадан айласын асыра алмады. Бұл матч үш партияға, 2 сағат 26 минутқа созылып, онда А.Севастова 7:5, 4:6, 6:4 есебімен жеңіске жетті.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ю.Путинцеваның Мәскеу турнирінің екінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар