Теннис: Воскобоева жұптық сында Мадрид турнирінің ширек финалына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисші Галина Воскобоева ресейлік Вероника Кудерметовамен бірге Мадрид турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық-ресейлік жұп екінші айналымда осы турнирдің екінші ракеткасы болып тіркелген америкалық Николь Меличар мен чехиялық Квета Пешкемен кездесті.

Бір сағаттан астам уақытқа созылған бәсекеде Воскобоева мен Кудерметова 6:2, 6:4 есебімен жеңіске жетті.

Олар бұдан бұрын дәл сондай есеппен алғашқы айналымда тағы бір америкалық Ракель Атаво мен словениялық Катарина Среботниктен басым түскен болатын.

Енді Г.Воскобоева мен В.Кудерметова жартылай финалға шығу үшін осы турнирдің 8-ракеткасы болып тіркелген германиялық Анна-Лена Грёнефельд пен Нидерланды елінің Деми Схюрспен таласады.

Қазақстанның бірінші, әлемнің 43-ракеткасы Юлия Путинцева, өкінішке қарай, жекелей сында ширек финалға шыға алмады.

Ол үшінші айналымда әлемнің 9-ракеткасы, аустралиялық Эшли Бартимен күш сынасты.

Матчты сәтті бастаған қазақстандық теннисші бірінші партияны 6:4 есебімен ұтты.

Екінші партияда Э.Барти 6:1 есебімен есе қайырды.

Үшінші, шешуші партияда аустралиялық теннисші қос бірдей брейк жасап, кездесуді өз пайдасына шешті - 6:2.

Тартысты бәсеке екі сағаттан астам уақытқа созылды.

Э.Барти ширек финалда әлемнің 3-ракеткасы, румыниялық Симона Халеппен шеберлік байқасады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Мадрид турнирін жеңіспен бастап, үшінші айналымға шыққанын жазған болатынбыз.

Тағы бір қазақстандық Зарина Дияс Жапониядағы Гифу ITF жарысының жеңімпазы атанып, үздік 100 теннисшінің қатарына енді. Бүгін ол Күншығыс еліндегі тағы бір турнирді сәтті бастады.

Ерлер арасында Андрей Голубев пен Тимофей Скатов, содан кейін АҚШ-тағы жарыстан жеңімпаз болып келген Дмитрий Попко Шымкент турнирін сәтті бастады. Бұл жарыста Қазақстаннан Александр Недовесов пен Дмитрий Попко ғана үшінші айналымға шықты.

Соңғы жаңалықтар