Теннис: Воскобоева жұптық сында Мадрид турнирінің финалына шыға алмады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисші Галина Воскобоева ресейлік Вероника Кудерметовамен бірге жұптық сында Мадрид турнирінің финалына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық-ресейлік жұп жартылай финалда осы турнирдің бесінші ракеткалары, тайбэйлік Се Шувэй мен чехиялық Барбора Стрыцовамен күш сынасты.

Бірінші партияда С.Шувэй мен Б.Стрыцова 6:4 есебімен ұтса, екіншісінде Г.Воскобоева мен В.Кудерметова дәл сондай есеппен есе қайырды. Содан кейін тайбэйлік-чехиялық жұп басым түсті - 10:7.

Қарсыластар төрт-төрттен брейк жасаған бәсеке 1 сағат 29 минутқа созылды.

С.Шувэй мен Б.Стрыцова финалда осы турнирдің алтыншы ракеткалары, канадалық Габриэла Дабровски және қытайлық Сюй Ифаньмен бас жүлде үшін таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Галина Воскобоеваның жұптық сында Мадрид турнирінің жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Зарина Дияс Жапониядағы Фукуока, Дмитрий Попко мен Александр Недовесов Қазақстандағы Шымкент турнирінің жартылай финалына жолдама алды.

Соңғы жаңалықтар