Теннис: Воскобоева жұптық сында Лугано турнирінің финалына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисші Галина Воскобоева ресейлік Вероника Кудерметовамен бірге Лугано (Швейцария) турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Воскобоева мен Кудерметова жұптық сында осы турнирдің 1-ракеткасы болып тіркелген еді. Олардың жартылай финалдағы қарсыластары, жарыстың 4-ракеткасы, швейцариялық Белинда Бенчич пен словакиялық Виктория Кузьмова да осал емес-ті.

Биыл 35-ке толатын Г.Воскобоева соңғы жылдары жұптық бәсекеде ғана өнер көрсетіп жүрсе, 21 жасар В.Кудерметова жекелей сында да осы Лугано турнирінің ширек финалына дейін жетті.

Бірінші партияда брейк жасаған Г.Воскобоева мен В.Кудерметова алға шықты - 4:3. Содан кейін тағы бір брейкпен бітірді - 6:3.

Екінші сетте қазақстандық-ресейлік жұп 4:2 есебімен тағы да алға кетті. Алайда Б.Бенчич пен В.Кузьмова қайыра брейк жасап, сосын таразы басын теңестіріп қана қоймай, алға шықты - 5:4. Дегенмен Воскобоева мен Кудерметова екі геймді қатар өз есептеріне жазды - 6:5. Ақыры бұл партия тай-брейкке ұласты. Мұнда қазақстандық-ресейлік жұп басым түсті - 7:5.

Бәсеке 1 сағат 33 минутқа созылды.

Г.Воскобоева мен В.Кудерметова финалда осы турнирдің 3-ракеткасы, румыниялықтар Сорана-Михаэла Кырстя мен Кристина-Андреа Митумен чемпиондық атақты сарапқа салады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Г.Воскобоева мен В.Кудерметованың Лугано турнирінің жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз. Ерлер арасында Қазақстанның бірінші, әлемнің 44-ракеткасы Михаил Кукушкиннің Монте-Карло турниріндегі қарсыласы белгілі болды.

Соңғы жаңалықтар