Теннис: Ұлыбритания - Қазақстан матчында Путинцева таразы басын теңестірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Лондонда өтіп жатқан Ұлыбритания мен Қазақстан матчында Юлия Путинцева таразы басын теңестірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Федерация кубогы ІІ Әлемдік тобының плей-офф кезеңінде қос құраманың әр кездесуі маңызды еді. Оның үстіне беташар бәсекеде Зарина Дияс Ұлыбританияның бірінші, әлемнің 46-ракеткасы Йоханта Контаға есе жіберген еді.

Сондықтан Қазақстанның бірінші, әлемнің 38-ракеткасы Юлия Путинцева рейтингте 86-орындағы Кэйти Бултерден қалайда қарымта қайтаруы керек болатын.

Бірінші сетте есеп 3:3 болған мезетте К.Бултер брейк жасап, алға шықты. Ақыры ол мұны тағы бір брейкпен түйіндеді - 6:3.

Екінші партияда ойын тізгінін қолына алған Ю.Путинцева үш мәрте брейк жасады. Қарсыласы бұған бір брейкпен жауап берді. Есеп - 6:2, қазақстандық теннисшінің пайдасында.

Үшінші, шешуші сетте ұлыбританиялық теннисші қос брейкпен есепті 4:0-ге жеткізді. Бұдан кейін Путинцевада үміт аз еді. Дегенмен қазақстандық спортшы бірте-бірте таразы басын өзіне аударды. Ақыры тартысты сет тай-брейкке ұласты. Мұнда Юлия 8:6 есебімен жеңіске жетті. Кездесу барысында К.Бултер үш бірдей матчболды пайдалана алмады.

Аса тартысты бәсеке 2 сағат 32 минутқа созылды.

Осылайша Ұлыбритания - Қазақстан матчында есеп теңесті - 1:1.

Жексенбі күні Ю.Путинцева мен Й.Конта, З.Дияс пен К.Бултер кортқа шығады. Жұптық сында Галина Воскобоева мен Анна Данилина ұлыбританиялықтар Хезер Уотсон мен Хэрриет Дартпен шеберлік байқасады. Өзгерістер болуы да ықтимал.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың ел намысын қорғауды бақыт санайтынын және Ұлыбритания - Қазақстан матчын бастайтынын және корт иелерінің алға шыққанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар