Теннис: Уимблдондағы матч 6 сағат 36 минутқа созылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Уимблдон турнирінің жартылай финалында оңтүстікафрикалық Кевин Андерсон мен америкалық Джон Иснер арасындағы матч аса тартысты өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесу 6 сағат 36 минутқа созылып, онда әлемнің 8-ракеткасы К.Андерсон өзінен екі-ақ саты төмен тұрған Д.Иснерді 7:6 (8:6), 6:7 (5:7), 6:7 (9:11), 6:4, 26:24 есебімен жеңді.

Уимблдонда соңғы партияда тай-брейк ойналмайтыны белгілі. Сондықтан теннисшілердің біреуі брейк жасап, өзінің геймін алғанша, ойын жалғаса береді. Есеп 24:24 болып тұрған мезетте Д.Иснер қарсыласының брейк жасауына мүмкіндік беріп қойды. К.Андерсон сосын өзінің геймін жеңіспен аяқтады.

Осылайша бұл матч ұзақтығы жөнінен Уимблдон тарихындағы екінші кездесу болып тіркелді. 2010 жылы Уимблдон турнирінің алғашқы айналымында осы Д.Иснер мен француз Николя Маю айды аспанға шығарып, үш күн бойы бір-біріне жеңістік бермеген еді. Онда 11 сағат 5 минутқа созылған бәсекеде Д.Иснер соңғы партияда 70:68 есебімен жеңіске жеткен еді. Кейін теннис тарихында ең ұзақ кездесу болған тарихи матч өткен 18-інші корт қабырғасында ескерткіш тақта орнатылды.

Бұл жолы Андерсон мен Иснер арасындағы жекпе-жек 11 сағатқа жете алмағанымен, шешуші бәсекелерде (жартылай финал мен финал) ойналған геймдер саны жөнінен бұрынғы нәтижеден асып түсті. Яғни, 2009 жылғы Уимблдон турнирінің финалында швейцариялық Роджер Федерер мен америкалық Энди Роддик 77 гейммен тоқтаса, Андерсон мен Иснер 99-ға бір-ақ жеткізді.

Сонымен қатар Д.Иснер Уимблдон турнирлеріндегі эйс саны жөнінен рекордтық нәтиже көрсетті. Бұған дейін хорватиялық Горан Иванишевич 2001 жылғы Уимблдон турнирінде 212 эйс жасаса, Иснер бұл көрсеткіштен асып түсті.

Айта кетейік, К.Андерсон Уимблдон турнирінің финалында дүниежүзілік рейтингте көш бастап тұрған испаниялық Рафаэль Надаль немесе осы жарыстың 12-інші ракеткасы болып тіркелген сербиялық Новак Джоковичтің біреуімен шеберлік байқасады.

Уимблдонға ерлер арасында Қазақстаннан жалғыз қатысқан Михаил Кукушкин екінші айналымда Р.Надальға жол берген болатын.

Соңғы жаңалықтар