Теннис: Рыбакина Юрмала турнирінің ширек финалына шыға алмады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Елена Рыбакина Юрмала (Латвия) WTA турнирінің ширек финалына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлемнің 65-ракеткасы Е.Рыбакина екінші айналымда рейтингте 74-сатыдағы америкалық Бернарда Перамен күш сынасты.

Матчты сәтті бастаған қазақстандық теннисші бірінші партияны өз есебіне жазды – 6:4.

Әйтсе де содан кейін қарсыласына 0:6, 2:6 есебімен есе жіберді.

Бәсеке 1 сағат 37 минутқа созылды.

Осылайша Е.Рыбакина жүлде қоры 250 мың еуро болатын Юрмала турнирінің ширек финалына шыға алмай қалды.

Есесіне ерлер арасында қазақстандықтар Андрей Голубев пен Александр Недовесов жұптық сында Прага челленджер турнирін сәтті өткізуде.

Қазақстандық жұп әуелі литвалық Лауринас Григелис пен Нидерланды өкілі Марк Вервортты 6:2, 7:6 (7:2) есебімен тізе бүктірді. Содан кейін аустралиялық Скотт Пудзиунас пен тағы бір нидерландылық Йелле Селсті 6:4, 7:6 (7:0) есебімен жеңді.

Жуырда жұптық сында Нұр-Сұлтан турнирінің жеңімпазы атанған Голубев пен Недовесов Прага жарысының финалына шығу үшін германиялық Андре Бегеманн мен румыниялық Флорин Мерджамен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Юрмала турнирін жеңіспен бастап, Александр Бубликтің Атлантада алғашқы айналымнан аса алмағанын жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар