Теннис: Рыбакина Ыстанбұл турнирінің екінші айналымына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Ыстанбұл турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Іріктеу сайыстарын сәтті өткізіп, негізгі жарысқа жолдама алған қазақстандық спортшы алғашқы айналымда әлемнің 41-ракеткасы, чехиялық Катерина Синяковамен күш сынасты.

К.Синякова осы турнирдің 7-ракеткасы болып тіркелсе, 19 жасар Е.Рыбакина әлемдік рейтингте 161-сатыда еді.

Бірінші партияда 22 жасар К.Синякова 6:3 есебімен жеңіске жетті.

Екінші сетте Е.Рыбакина есе қайырды - 6:2.

Үшінші, шешуші партияда қазақстандық спортшы 1:4 есебімен жеңіліп жатты. Дегенмен осыдан кейін ойын тізгінін қолына алған Елена қатарынан бес геймді өз есебіне жазды - 6:4.

Тартысты бәсеке екі сағаттан астам уақытқа созылды.

Е.Рыбакина екінші айналымда әлемнің 52-ракеткасы, франциялық Полин Пармантье немесе ресейлік, рейтинггте 69-орында тұрған Евгения Родинаның біреуімен шеберлік байқасады.

Жүлде қоры 250 мың АҚШ долларына бағаланған Ыстанбұл турнирі 28 сәуірде аяқталып, жеңімпаз анықталады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Е.Рыбакинаның Ыстанбұлдың негізгі турниріне жолдама алғанын, ал Қазақстан әйелдер құрамасының Лондонда ұлыбританиялықтардан жеңіліп қалғанын жазған болатынбыз.

Ерлер арасында Дмитрий Попко АҚШ-тағы турнирдің жеңімпазы атанса, Қазақстанның бірінші ракеткасы Михаил Кукушкин Будапешт турнирінің екінші айналымына өте алмады.

Соңғы жаңалықтар