Теннис: Рыбакина Уимблдонның негізгі турниріне шыға алмады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық Елена Рыбакина Уимблдонның негізгі турниріне шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлемнің 111-ракеткасы, 20 жасар Е.Рыбакина іріктеу сайыстарының финалында дүниежүзілік рейтингте 140-орында тұрған ресейлік Варвара Флинкпен кездесті.

Бірінші партияны ресейлік спортшы өз пайдасына жазды - 6:3.

Екінші сетте есесіне қазақстандық теннисші брейкпен алға шықты - 2:0. Дегенмен В.Флинк қайыра брейк жасап, таразы басын теңестірді - 2:2. Есеп 4:4 болған сәтте Е.Рыбакина тағы бір брейкке қол жеткізді - 5:4. Содан кейін өзі доп бергенде, есесін жібермеді - 6:4.

Үшінші, шешуші сетте есеп 3:3 болған мезетте қазақстандық теннисші брейк жасай алды - 4:3. Өз геймінде қарсыласының қос бірдей брейк-пойнтты пайдалануына мүмкіндік берген жоқ - 5:3. Дегенмен матчқа доп бергенде, қарсыласы брейк жасап, есепті теңестіріп кетті - 5:5. Теннисшілер брейкпен алмасты - 6:6. Ақыры тағы бір брейк жасаған В.Флинк жеңіске жетті - 8:6.

Аса тартысты бәсеке 2 сағат 13 минутқа созылды.

Бұдан бұрын Е.Рыбакина биыл алғаш рет «Үлкен дулыға» турнирі - «Ролан Гаррос» жарысының іріктеу сайыстарынан сәтті өтіп, негізгі додаға жолдама алған еді. Бұл жолғы қадамы сәтсіз болды.

Осылайша 1-14 шілде аралығында өтетін Уимблдон турнирінде Қазақстаннан жекелей сында Юлия Путинцева мен Зарина Дияс және ерлер арасында Михаил Кукушкин мен Александр Бублик өнер көрсетеді.

Бұған дейін З.Дияс 2014 және 2015 жылдары Уимблдон жарысының төртінші айналымына дейін жеткен еді. Өткен жылы Юлия Путинцева мен Михаил Кукушкин екінші айналымнан аса алмаса, З.Дияс пен А.Бублик оған қатыспаған еді. Биыл қазақстандық теннисшілер өткен жылғы көрсеткіштерін жақсартса, ұпайлары көбейіп, рейтингте жоғарылай алады.

2018 жылы германиялық Анжелика Кербер чемпион атанса, ерлерден сербиялық Новак Джоковичтің асығы алшысынан түскен еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Е.Рыбакинаның Уимблдон турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастап, кеше финалына шыққанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар