Теннис: Рыбакина Шэньчжэнь турнирінің екінші айналымына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Елена Рыбакина Шэньчжэнь WTA турнирін жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүниежүзілік рейтингіде 36-орында тұрған, осы турнирдің 7-ракеткасы Е.Рыбакина алғашқы айналымда қытайлық Чжэн Сайсаймен күш сынасты.

Әлемнің үздік елу теннисшісінің қатарына кіретін Ч.Сайсай –20 жастағы Е.Рыбакинадан бес жас үлкен, тәжірибесі мол спортшы.

Бірінші партияда қазақстандық теннисші қарсыласын айқын басымдылықпен ұта білді – 6:2.

Есесіне екінші сетте қытайлық спортшы қарымта қайырды – 6:1.

Үшінші, шешуші партияда есеп 2:2 болған мезетте Е.Рыбакина брейк жасап, алға шықты. Тағы бір брейкке қол жеткізген ол матчты жеңіспен тәмамдай алды – 6:2.

Бәсеке екі сағатқа жуық уақытқа созылды.

Е.Рыбакина Шэньчжэнь турнирінің (жүлде қоры – 775 мың АҚШ доллары) екінші айналымында тағы бір қытайлық Ван Яфаньмен кездеседі.

Осының алдында Гонконг турнирінде жеңімпаз атанған Зарина Дияс Шэньчжэньде ертең қытайлық Дуань Инъинмен шеберлік байқасады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ю.Путинцеваның Брисбенде негізгі турнирге жолдама алғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар