Теннис: Рыбакина «Ролан Гаррос» турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина «Ролан Гаррос» турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүниежүзілік рейтингте 135-орында тұрған Е.Рыбакина әлемнің 163-ракеткасы, тайбэйлік Энь Шо Лянмен шеберлік байқасты. Небәрі 41 минутқа созылған матчта 19 жасар қазақстандық спортшы қарсыласын 6:1, 6:2 есебімен ойсырата ұтты. Е.Рыбакина «Үлкен дулыға» турнирінің бірі саналатын Франция ашық чемпионаты іріктеу сайысының жартылай финалында канадалық, әлемнің 147-ракеткасы Ребекка Мариномен кездеседі.

Ерлер арасындағы іріктеу сайысында тағы бір қазақстандық, әлемнің 193-ракеткасы Александр Недовесов алғашқы ойынында-ақ рейтингте 213-орындағы колумбиялық Сантьяго Хиральдодан (6:3, 4:6, 3:6) жеңіліп, жарыс жолынан шығып қалды.

26 мамырда Парижде басталатын айтулы доданың негізгі турнирінде Қазақстаннан Юлия Путинцева, Зарина Дияс, Михаил Кукушкин және Александр Бублик бақ сынамақшы. Осы төрт теннисші шілде айында болатын «Үлкен дулығаның» бірі Уимблдон турниріне қатысушылардың да тізіміне енгізілген.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстанның бірінші, әлемнің 39-ракеткасы Юлия Путинцева Нюрнберг турнирінің екінші айналымына, тағы бір қазақстандық Галина Воскобоева Страсбургте жұптық сында ширек финалға шыққан болатын.

Ю.Путинцева бүгін рейтингте 84-орындағы германиялық Мона Бартельмен күш сынасады. Страсбургте украиналық Даяна Ястремскаямен жұп құраған Г.Воскобоева жартылай финалға шығу үшін жапониялық Мию Като мен аустралиялық Сторм Сандерспен таласады.

Соңғы жаңалықтар