Теннис: Рыбакина Рим турнирін жеңіспен бастады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 18-ракеткасы Елена Рыбакина Рим WTA турнирін жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін Ресейдің бірінші, әлемнің 31-ракеткасы Екатерина Александровамен өткізді.

Е.Рыбакина биыл Қытайдағы Шэньчжэнь турнирінің финалында және АҚШ-тағы Цинциннати жарысының алғашқы айналымында Е.Александровадан ұтылып қалған еді.

Бұл жолы бәсеке басқаша өрбіп, Е.Рыбакина бірінші сетте қарсыласын тас-талқан етті – 6:0. Екіншісінде де 6:4 есебімен меселін қайырды.

Бар болғаны 1 сағат 1 минутқа созылған матчта осы доданың 10-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші 6 брейк жасаса, ресейлік спортшы бір ғана брейкпен жауап қайырды.

Осылайша бұған дейін Е.Александровадан екі мәрте жеңіліс тапқан Е.Рыбакина қарымта қайтара алды. Ол үшінші айналымға шығу үшін әлемнің 47-ракеткасы, чехиялық Мария Боузкова немесе рейтингте 63-сатыдағы аустралиялық Айла Томляновичтің біреуімен таласады.

Тағы бір қазақстандық, әлемнің 30-ракеткасы Юлия Путинцева алғашқы айналымда рейтингте 49-орындағы швециялық Ребекка Петерсонмен шеберлік байқасады.

Ерлер арасында Михаил Кукушкин Римде іріктеу сайыстарының финалында германиялық Доминик Кёпферден 6:2, 4:6, 2:6 есебімен жеңіліп, негізгі турнирге өте алмай қалды.

Ал әлемнің 54-ракеткасы Александр Бублик алғашқы айналымда рейтингте 38-орындағы US Open турнирінің 2014 жылғы чемпионы, хорватиялық Марин Чиличпен кортқа шығады.

Еске сала кетейік, М.Кукушкин Римде іріктеу сайыстарының финалына шықты. Ю.Путинцева рейтингіде үздік отыздыққа ілікті.




Соңғы жаңалықтар