Теннис: Рыбакина Хертогенбос турнирінің финалына өте алмады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Хертогенбос (Нидерланды) WTA турнирінің жартылай финалында әлемнің 4-ракеткасы, корт иесі Кики Бертенспен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүниежүзілік рейтингте 134-орында тұрған қазақстандық спортшы әлемнің маңдайалды теннисшілерінің біріне барынша қарсыласып бақты.

Е.Рыбакина 17 маусым күні 20 жасқа толатын жас теннисші болса, 27 жасар К.Бертенстің тәжірибесі әлдеқайда мол еді.

Бірінші партияда брейк жасаған К.Бертенс алға шықты - 2:0. Дегенмен Рыбакина да қарап қалмай, таразы басын теңестіре алды - 2:2. Тағы бір брейк жасаған голландиялық спортшы бұл сетті жеңіспен аяқтай алды - 6:4.

Екінші партия да дәл солай өрбіді - 2:0. Есеп 1:2 болған мезетте Елена брейк-пойнттарын пайдалана алмады. Тағы бір брейк жасаған Бертенс есепті 5:2-ге жеткізді. Алайда ол матчқа доп бергенде, Рыбакина брейк жасап, өз геймін алып, есепті қысқартты - 4:5. Осыдан кейін ғана Бертенс матчты тәмамдай білді - 6:4.

Бәсеке 1 сағат 22 минутқа созылды.

К.Бертенс финалда әлемнің 61-ракеткасы, америкалық Элисон Рискемен бас жүлдені сарапқа салады.

Е.Рыбакинаның жүлде қоры 250 мың еуроға бағаланған жарыстың жартылай финалына дейін жетуінің өзі үлкен табыс деп есептеуге болады. Ол іріктеу сайыстарында қос бірдей теннисшіні қапы қалдырса, негізгі турнирде рейтингте өзінен әлдеқайда жоғары тұрған америкалық Варвара Лепченко, бельгиялықтар Элисон Ван Эйтванк пен Кирстен Флипкенсті тізе бүктірді.

Ең бастысы, WTA турнирінде осылайша сәтті өнер көрсеткеннен кейін Е.Рыбакинаның рейтингісі жоғарылайтыны анық. Енді «Үлкен дулыға» турнирінің бірі - Уимблдон жарысының іріктеу сайыстарынан өтіп, негізгі додаға жолдама алса, табысы да молаяды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың Манчестер жарысының финалына, Елена Рыбакинаның Хертогенбос (Нидерланды) турнирінің жартылай финалына шыққанын және Александр Бубликтің Лондонда іріктеу сайысын сәтті бастағанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар