Теннис: Рыбакина Дубай турнирінің финалында әлемнің 2-ракеткасына жол берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 19-ракеткасы Елена Рыбакина Дубай WTA премьер турнирінің финалында жеңіліп қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші соңғы бәсекеде кезінде рейтингте көш бастаған, қазір әлемнің 2-ракеткасы, 2019 жылғы Уимблдон турнирінің жеңімпазы, румныниялық Симона Халеппен күш сынасты.

Бұған дейін 20 жастағы Е.Рыбакина биыл үш бірдей WTA жарысының финалына шығып, соның біреуінде (Хобарт) чемпион атанған еді.

Бұл – оның төртінші финалы.

Бірінші партияда қарсыласына қарағанда, ширақ қимылдап, брейк жасаған қазақстандық спортшы 5:3 есебімен алға шықты. Ақыры сетке доп бергенде, өз мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:3.

Екінші сетте күшіне мінген тәжірибелі, 28 жастағы С.Халеп есеп 2:1 болғанда, брейк жасап кетті – 3:1. Дегенмен әрқашан сабырынан айнымай, салқынқанды ойнайтын Е.Рыбакина да қалыспай, қайыра брейкке қол жеткізді. Алайда сосын аса тартысты өрбіген өз геймінде есе жіберді – 3:5. Бұдан кейін румыниялық теннисші сетті жеңіспен аяқтай алды.

Үшінші, шешуші партияда Е.Рыбакина брейкпен (3:1) алға кеткенімен, С.Халеп сол бойда есе қайырды – 3:3. Симона есеп 5:5 болғанда, брейк жасап кетті. Румыниялық спортшы матчқа доп бергенде, Елена қайыра брейк жасады. Ақыры матч тағдыры тай-брейкте шешілді. Онда Халеп жеңіске жетті – 7:6 (7:5).

Сөйтіп С.Халеп өз спорттық жолындағы 20-сыншы титулына қол жеткізді.

Нағыз финалға тән, аса қызу өткен бәсеке 2 сағат 27 минутқа созылды.

Әлемдегі ең мықты теннисшінің бірімен терезесі тең өнер көрсеткен қазақстандық спортшыға сыни сәттерде тәжірибе жетіспеді.

Осылайша Е.Рыбакина жүлде қоры 3 млн АҚШ долларына жуықтайтын Дубай жарысының финалында ұтылып қалғанымен, мұның өзін үлкен табыс деп есептеуге болады. Ол осы дода барысында рейтингте үздік ондыққа енетін екі теннисшіні тізе бүктірді.

Қазақстандық теннисші алдағы дүйсенбіде жаңартылатын рейтингте 17-орынға көтеріледі. Бұл әйелдер арасында ел теннисіндегі тағы бір рекордтық көрсеткіш болмақ.

Стефан Вуков жаттықтыратын Е.Рыбакина енді тағы бір премьер деңгейіндегі ірі дода – Доха турнирінде бақ сынайды. Оған Юлия Путинцева мен жуырда кортқа қайта оралған Ярослава Шведова да қатысады. Онда Е.Рыбакина рейтингте 70-орында тұрған тағы бір румыниялық Сорана Кырстямен, Ю.Путинцева әлемнің 31-ракеткасы, ресейлік Анастасия Павлюченковамен, Я.Шведова 73-сатыдағы германиялық Лаура Зигемундпен шеберлік байқасады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Дубай турнирінің финалына, Александр Бубликтің Марсельде жартылай финалға шыққанын жазған болатынбыз.

А.Бублик Марсель турнирінің финалына шыға алмады.

Соңғы жаңалықтар