Теннис: Рыбакина Бастад турнирінің ширек финалына шыға алмады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық Елена Рыбакина Бастад (Швеция) челленджер турнирінің ширек финалына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүниежүзілік рейтингте 109-орында тұрған Е.Рыбакина екінші айналымда әлемнің 117-ракеткасы, жапониялық Мисаки Доимен кездесті.

Матчты сәтті бастаған қазақстандық теннисші бірінші партияны өз есебіне жаза білді - 6:4.

Е.Рыбакина екінші сетте де брейк жасап, алға шықты - 4:2. Бұдан кейін есепті ұлғайтатындай мүмкіндігі болды. Алайда М.Дои жеңістік бермей, қайыра брейкпен таразы басын теңестірді - 4:4. Ақыры тағы бір брейкпен түйіндеді - 6:4.

Үшінші, шешуші партияда брейк жасаған жапониялық спортшы алға шықты - 3:0. Дегенмен қазақстандық теннисші қатарынан төрт геймді алды - 4:3. Бәрібір жеңіс Доидың еншісінде кетті - 6:4.

Тартысты бәсеке екі сағаттан сәл астам уақытқа созылды.

М.Дои жартылай финалға шығу үшін осы жарыстың төртінші, әлемнің 96-ракеткасы, германиялық Мона Бартельмен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Е.Рыбакинаның Бастад турнирін жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар