Теннис: Путинцева үздік 40 теннисшінің қатарына қайта енді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші ракеткасы Юлия Путинцева үздік 40 теннисшінің қатарына қайта енді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін жаңартылған WTA рейтингісінде Ю.Путинцева 43-тен 39-орынға көтерілді.

Зарина Дияс бұрынғы 89-орнында қалса, тағы бір қазақстандық Елена Рыбакина 113-тен 111-ге жоғарылады.

Бүгін сондай-ақ рейтинг көшбасшысы өзгерді. Кеше Бирмингем (Ұлыбритания) турнирінің жеңімпазы атанған аустралиялық Эшли Барти жапониялық Наоми Осаканы басып озып, 1-ракетка атанды. Бұған Ю.Путинцеваның тікелей қатысы бар. Сол Бирмингем турнирінде Юлия Н.Осаканы жолдан тайдырып, бұл оның өз ұпайларын жоғалтып, көшбасшылық орнынан айырылуына әкеп соқтырды. Оған қоса Ю.Путинцева Қазақстан тарихында алғаш рет әлемнің 1-ракеткасын ұтты.

Қазақстандық теннисшілердің алдағы турнирлерде өз көрсеткіштерін жақсартуларына толық мүмкіндіктері бар.

Бүгін Ю.Путинцева жүлде қоры 1 млн АҚШ долларына жуықтайтын Истбурн (Ұлыбритания) турнирінің алғашқы айналымында америкалық Даниэль Коллинзбен шеберлік байқасады.

Осы аптада сондай-ақ «Үлкен дулыға» турнирінің бірі - Уимблдон жарысының іріктеу сайыстары басталады. Онда негізгі додаға Ю.Путинцева мен З.Дияс бірден жолдама алды.

Ерлер арасында Уимблдонға қатысушылар тізіміне Қазақстаннан Михаил Кукушкин мен Александр Бублик енгізілген. Ал іріктеу сайысында тағы бір қазақстандық Александр Недовесов бақ сынап көреді. Ол бүгін италиялық Джанлука Магермен кортқа шығады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшілердің Истбурн турниріндегі қарсыластары белгілі болғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар