Теннис: Путинцева Ухань турнирінің алғашқы айналымынан аса алмады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 38-ракеткасы Юлия Путинцева Ухань турнирінің алғашқы айналымынан аса алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ю.Путинцева рейтингте 69-орында тұрған, осы жарысқа іріктеу сайыстарынан кейін қосылған ресейлік Светлана Кузнецовамен кездесті.

Есеп ресейлік спортшының пайдасында 6:1, 1:0 болғаннан кейін Ю.Путинцева жарақатына байланысты матчты жалғастырудан бас тартты.

Бәсеке небәрі 34 минутқа созылды. Осы мерзімде С.Кузнецова үш мәрте брейк жасап үлгерді.

Жүлде қоры 2,828 млн АҚШ долларына бағаланған аталмыш доданың екінші айналымында С.Кузнецова даниялық Каролина Возняцки немесе тайбэйлік Се Шувэйдің біреуімен кортқа шығады.

Өткен жылы осы турнирде финалда эстониялық Анетт Контавейтті ұтқан Беларусь елінің өкілі Арина Соболенко жеңімпаз атанған болатын.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Ухань турнирін сәтті бастағанын жазған болатынбыз.

Бүгін жаңартылған рейтингте 49-дан 50-орынға төмендеген Е.Рыбакина екінші айналымда әлемнің 54-ракеткасы, тунис қызы Онс Жабермен кездеседі.

Рейтингіде Ю.Путинцева да 36-дан 38-ге сырғыса, Зарина Дияс қана жеті сатыға жоғарылап, 78-орынға жайғасты.


Соңғы жаңалықтар