Теннис: Путинцева Сиднейде US Open турнирінің жеңімпазын ұтты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық Юлия Путинцева Сидней турнирінің екінші айналымында америкалық Слоан Стивенспен күш сынасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осы жарыстың 4-ракеткасы болып тіркелген US Open (АҚШ-тың ашық чемпионаты) турнирінің 2017 жылғы жеңімпазы С.Стивенс әлемдік рейтингте 5-орында болса, Ю.Путинцева 44-сатыда келеді.

Қазақстандық теннисші Сиднейде іріктеу сайысының финалында өзінің отандасы Зарина Диясты жеңіп, негізгі турнирге қосылған еді.

Бірінші партияда америкалық спортшы қазақстандық теннисшіден 6:3 есебімен басым түсті.

Екінші сетте де С.Стивенс бірден брейк жасап, 2:0 есебімен алға кетті. Ю.Путинцева қайыра брейк жасап, таразы басын теңестіргенімен, содан кейін өзі доп берген сәтті пайдалана алмады. Дегенмен есеп 5:4 болып, америкалық теннисші матчқа доп бергенде, Юлия тағы бір брейкке қол жеткізді. Ақыры бұл партияның мәселесі тай-брейкте шешілді. Мұнда Путинцева 7:4 есебімен басымдылық көрсетті.

Үшінші, шешуші партияны қазақстандық теннисші брейкпен бастап, өз геймін де алды - 2:0. Тағы екі брейк жасаған Юлия есепті тіпті ұлғайтты - 5:0. Соңғы гейм де қазақстандық спортшының есебіне жазылды - 6:0.

Тартысты бәсеке 2 сағат 6 минутқа созылды.

Осылайша қазақстандық теннисші Сидней турнирінің ширек финалына шықты.

Ю.Путинцева жартылай финал жолдамасы үшін әлемнің 9-ракеткасы, Нидерланды елінің өкілі Кики Бертенспен таласады. К.Бертенс қарсыласы, испаниялық Гарбинье Мугуруса кездесуден бас тартқаннан кейін ширек финалға ойнамастан шықты.

Жалпы, жарыс барысында күтпеген нәтижелер тіркелмей қалған жоқ. Бүгін әлемнің бірінші ракеткасы, румыниялық Симона Халеп рейтингте 15-орында тұрған Аустралия елінің өкілі Эшли Бартидан ұтылып қалды.

Турнирге Сиднейдің өткен жылғы жеңімпазы, әлемнің 2-ракеткасы, германиялық Анжелика Кербер де қатысуда.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ю.Путинцеваның жүлде қоры 823 мың АҚШ долларына бағаланған Сидней турнирінің екінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ ерлер арасында Александр Недовесов Аустралия ашық чемпионатының іріктеу турнирін сәтті бастаса, тағы екі қазақстандық теннисші алғашқы кездесуінде-ақ жеңіліп қалды.

Соңғы жаңалықтар