Теннис: Путинцева Санкт-Петербургте ұтылып қалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Юлия Путинцева Санкт-Петербург WTA турнирінде ұтылып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлемнің 34-ракеткасы Ю.Путинцева алғашқы айналымда рейтингте өзінен төрт саты төмен тұрған ресейлік Вероника Кудерметовамен кездесті.

Бірінші партия тай-брейкке дейін созылып, онда Кудерметованың жолы болды – 7:6 (7:4).

Есесіне екінші сетте Путинцева бет қаратпады – 6:1. Алайда ол осы қарқынын шешуші партияда сақтай алмады. Есеп 5:6 болған мезетте доп берген қазақстандық теннисші қателікке бой алдырып, қарсыласы брейк жасап кетті – 5:7.

Тартысты бәсеке 2 сағат 36 минутқа созылды.

Матч барысында Кудерметова 7 эйс жасап, 8 брейк-пойнттың бесеуін пайдалана білді. Бір ғана рет эйс жасаған Путинцева 16 брейк-пойнттың алтауын ғана өз есебіне жаза алды.

Келесі айналымда В.Кудерметова әлемнің 8-інші, осы жарыстың екінші ракеткасы, Нидерланды өкілі Кики Бертенспен күш сынасады. Өткен жылғы турнирде дәл осы К.Бертенс жеңімпаз атанған болатын.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Санкт-Петербург турнирін жеңіспен бастап, Александр Бубликтің Роттердам жарысының екінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.

Е.Рыбакинаның екінші айналымдағы қарсыласы бүгін анықталады. Қазақстандық спортшы қос франциялық Каролин Гарсия мен Фиона Ферроның қай жеңгенімен кездеседі. Ф.Ферро жарысқа қатысудан бас тартқан латвиялық Анастасия Севастованы ауыстырды.


Соңғы жаңалықтар