Теннис: Путинцева Ролан Гаррос турнирінің үшінші айналымына шыға алмады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Юлия Путинцева Ролан Гаррос турнирінің үшінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлемнің 27-ракеткасы Ю.Путинцева Парижде өтіп жатқан Франция ашық чемпионатының екінші айналымында рейтингіде 131-орында тұрған аргентиналық Надя Подорошкамен кездесті.

Қазақстандық теннисші биыл 25-ке толса, қарсыласы одан екі жас кіші еді.

Рейтингісі төмен болғанына қарамастан, аргентиналық спортшы бірінші партияда есеп 3:3 болған мезетте брейк жасап кетті. Сосын тағы бір брейкпен бітірді – 6:3.

Есесіне екінші сетте қазақстандық теннисші брейкпен алға шықты – 2:1. Содан кейін тағы екі брейк жасап, 6:1-ге жеткізді.

Шешуші, үшінші партияда Н.Подорошка қатарынан екі брейк жасап, 4:1 есебімен алға кетті. Осыдан кейін ғана Ю.Путинцева брейкпен есепті қысқарта алды. Алайда қайыра брейк жасаған қарсыласы есепті 5:2-ге жеткізді. Ақыры ол екінші матчболын сәтті пайдалана білді – 6:2.

Бәсеке 2 сағат 2 минутқа созылды.

Н.Подорошка үшінші айналымда рейтингіде 161-сатыдағы словакиялық Анна Шмидловамен шеберлік байқасады. Ол әлемнің 14-інші осы доданың 10-ракеткасы, Беларусь өкілі Виктория Азаренконы 6:2, 6:2 есебімен жеңіп кетті.

Бүгін ерлер арасында Александр Бублик италиялық Лоренцо Сонегомен, Михаил Кукушкин испаниялық Педро Мартинеспен ойнайды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакина Ролан Гаррос турнирін сәтті бастаған еді. Ал Зарина Дияс қарсыласынан жеңіліп қалды.




Соңғы жаңалықтар