Теннис: Путинцева Римде әлемнің 5-ракеткасынан ұтылып қалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 38-ракеткасы Юлия Пуитнцева Рим турнирінің үшінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші екінші айналымда турнирдің екінші, әлемнің 5-ракеткасы, чехиялық Петра Квитовамен кездесті.

Чехиялық спортшы қарсыласын 6:0, 6:1 есебімен бет қаратпай жеңді. П.Квитова бес мәрте брейк жасаса, Ю.Путинцева өзі доп бергенде, бір ғана геймді алды.

Бәсеке 52 минутқа созылды.

П.Квитова ширек финалға шығу үшін әлемнің 16-ракеткасы, эстониялық Анетт Контавейт немесе рейтингте 39-сатыдағы грекиялық Мария Саккаридің біреуімен таласады.

Жүлде қоры 3 452 538 еуроға бағаланған Рим турнирі 19 мамырда мәреге жетеді.

Жарыстың өткен жылғы жеңімпазы, украиналық Элина Свитолина алғашқы матчында-ақ кезінде рейтинг көшін бастаған Беларусь елінің өкілі Виктория Азаренкодан ұтылып қалды.

Жалпы, бүгін қазақстандық теннисшілер үшін сәтсіз күн болды.

Ерлер арасында рейтингте 359-орында тұрған қазақстандық Дмитрий Попко Самарқан турнирінің үшінші айналымында турнирдің 15-інші, әлемнің 303-ракеткасы, үндістандық Сумит Нагалға 6:7 (7:9), 3:6 есебімен жол берді.

Ал осының алдында Александр Недовесовті ұтқан, рейтингте 355-орындағы бразилиялық Жуан Менезес бүгін тағы бір қазақстандық, әлемнің 310-ракеткасы Денис Евсеевті (6:3, 6:1) жолдан тайдырды.

Осылайша Самарқан турнирінде қазақстандықтардан ешкім қалған жоқ.

Тағы бір қазақстандық, әлемнің 94-ракеткасы Александр Бублик Германиядағы Хайльбронн челленджер турнирінде кеше бастапқы кездесуінде-ақ сүрініп, рейтингте 134-орындағы словакиялық Йозеф Коваликке есе жіберді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның үздік 40 теннисшінің қатарына қайтадан еніп, Рим турнирінің екінші айналымына шыққанын, Дмитрий Попко мен Денис Евсеевтің Самарқан жарысын сәтті бастап, үшінші айналымға шыққанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар