Теннис: Путинцева Осака турнирінің екінші айналымына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 36-ракеткасы Юлия Путинцева Жапониядағы Осака WTA турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ю.Путинцева бастапқы кездесуін әлемнің 23-ракеткасы, хорватиялық Петра Мартичпен өткізуі керек еді.

Әйтсе де П.Мартич жарысқа қатыспағандықтан, оның орнына іріктеу сайыстарының финалында жеңіліп қалған Польша елінің өкілі, рейтингте 130-орындағы Катажина Кава шақырылды.

Бірінші партияда қос бірдей брейк жасаған Ю.Путинцева 4:1 есебімен алға кетті. Қарсыласы қайыра брейкке қол жеткізіп, есепті қысқартқанымен, Юлия бұдан әріге мүмкіндік берген жоқ – 6:4.

Қазақстандық спортшы екінші сетті де брейкпен бастағанымен, Кава таразы басын теңестіріп үлгерді – 1:1. Содан кейін тағы бір брейкпен алға шықты – 3:1. Дегенмен Путинцева да қалыспады – 3:3. Сосын тағы бір брейк жасай білді – 5:4. Бірақ матчқа доп бергенде, өз мүмкіндігін пайдалана алған жоқ – 5:5. Ақыры мәселе тай-брейкке келіп тірелді. Мұнда Юлия өз басымдылығын көрсете алды – 7:6 (7:4).

Бәсеке 1 сағат 47 минутқа созылды.

Ю.Путинцева жүлде қоры 823 мың АҚШ долларына бағаланған доданың екінші айналымында рейтингте 149-сатыдағы ресейлік Варвара Флинкпен шеберлік байқасады. Іріктеу сайыстарының финалында В.Флинк осы К.Каваны ұтқан болатын.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың Осака жарысын жеңіспен бастағанын, Михаил Кукушкиннің Санкт-Петерборда сәтті өнер көрсеткенін жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар