Теннис: Путинцева Нюрнберг турнирінің жартылай финалына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 39-ракеткасы Юлия Путинцева Нюрнберг турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осы турнирдің бірінші ракеткасы болып тіркелген қазақстандық спортшы ширек финалда рейтингте 523-орындағы германиялық Анна-Лена Фридзаммен күш сынасты.

Жарысқа арнайы шақыртумен қосылған қарсыласының рейтингісі төмен болғанына қарамастан, матч тартысты өрбіді. Оның үстіне жарыс Германия жерінде өтіп жатқандықтан, Фридзам өз жанкүйерлері алдында барын салды.

Бірінші партияда Ю.Путинцева 4:2 есебімен алға шықты. Әйтсе де бұдан кейін германиялық теннисші қатарынан үш геймді алды. Дегенмен қазақстандық спортшы сетті өз пайдасына аяқтай білді - 7:5.

Екінші сетте Юлия брейк жасап, 3:2 есебімен алға шыққанымен, Анна-Лена да қарап қалмады. Есеп 4:4 болған мезетте Путинцева бірнеше брейкті пайдалана алмады. Ақыры партия тай-брейкке дейін жетіп, онда неміс теннисшісінің жолы болды - 7:5.

Үшінші, шешуші партияда Путинцева 2:0 есебімен алға шыққанымен, Фридзам қайыра брейк жасап, таразы басын теңестірді. Бұл сет те тай-брейкке ұласты. Юлия үш бірдей минибрейк жасап, ойынды жеңіспен тәмамдады - 7:2.

Аса тартысты бәсеке 3 сағат 24 минутқа созылды.

Ю.Путинцева Нюрнберг турнирінің (жүлде қоры - 250 мың еуро) финалына шығу үшін әлемнің 93-ракеткасы, румыниялық Сорана-Михаэла Кырстямен шеберлік байқасады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын тағы бір қазақстандық Елена Рыбакинаның «Ролан Гаррос» турнирі іріктеу сайысын сәтті бастап, бүгін соның финалына шыққанын жазған болатынбыз.

Оның алдында Юлия Путинцева Нюрнберг турнирінде, Галина Воскобоева Страсбургте жұптық сында ширек финалға шыққан еді.

Соңғы жаңалықтар