Теннис: Путинцева Нюрнберг турнирінің екінші айналымына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 38-ракеткасы Юлия Путинцева Нюрнберг (Германия) турнирінің алғашқы айналымында словениялық Далила Якуповичпен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық спортшы осы турнирдің бірінші ракеткасы болып тіркелсе, қарсыласы дүниежүзілік рейтингте 107-сатыда еді.

Бірінші партияда брейк жасаған Ю.Путинцева 2:0 есебімен алға шыққанымен, словениялық теннисші таразы басын теңестірді. Дегенмен бұдан кейін Юлия тағы екі брейк жасай білді - 6:2.

Екінші сет те дәл солай басталды - 2:0. Есеп 3:0 болғаннан кейін Д.Якупович жарысты жалғастырудан бас тартты.

Матч бір сағатқа жуық уақытқа созылды.

Ю.Путинцева екінші айналымда әлемнің 85-ракеткасы, германиялық Мона Бартель немесе аргентиналық, рейтингте 205-сатыдағы Паула Ормаэчеаның қай жеңгенімен кортқа шығады.

Жүлде қоры 250 мың еуроға бағаланған Нюрнберг турнирі 25 мамырда мәреге жетеді.

Өткен жылы бұл жарыстың финалында швециялық Юханна Ларссон америкалық Элисон Рискені ұтып, жеңімпаз атанған болатын.

Ерлер арасында Қазақстанның бірінші, әлемнің 47-ракеткасы Михаил Кукушкин Лион (Франция) турнирінің алғашқы айналымында рейтингте 263-орындағы италиялық Янник Синнермен шеберлік байқасады.

Тағы бір қазақстандық, рейтингте 94-орындағы Александр Бублик осы жарыстың іріктеу сайысынан аса алмады. Ол бірінші кездесуінде-ақ әлемнің 275-ракеткасы, франциялық Тристан Ламазиннен ұтылып қалды. Т.Ламазин өз кезегінде іріктеу сайысының финалында дәл сол Я.Синнерге жол берді.

Алдағы аптада топырақ төсенішінде болатын додалардың қорытындысы ретінде төрт «Үлкен дулыға» турнирінің бірі - Ролан Гаррос жарысы немесе Франция ашық чемпионатының іріктеу сайыстары басталады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ю.Путинцеваның Римде әлемнің 5-ракеткасы, чехиялық Петра Квитовадан ұтылып қалғанын жазған болатынбыз.

Бұл турнирде бүгін финалда ұлыбританиялық Йоханна Контаны ұтқан тағы бір чехиялық, әлемнің 7-ракеткасы Каролина Плишкова чемпион атанды.

Соңғы жаңалықтар