Теннис: Путинцева мен Дияс Цинциннати турнирінің үшінші айналымына өте алмады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандықтар Юлия Путинцева мен Зарина Дияс Цинциннати (АҚШ) WTA турнирінің үшінші айналымына өте алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүниежүзілік рейтингте 42-орында тұрған Ю.Путинцева әлемнің 10-ракеткасы, 2017 жылғы US Open турнирінің жеңімпазы, америкалық Слоан Стивенспен кездесті.

Екі сағаттан астам уақытқа созылған тартысты бәсекеде қазақстандық теннисші матчті сәтті бастады – 6:2. Әйтсе де қалған екі сетте С.Стивенс жеңіске жетті – 6:4, 6:3.

Рейтингте 80-сатыдағы Зарина Дияс әлемнің 22-ракеткасы, тағы бір америкалық София Кенинмен күш сынасты. Мұнда С.Кенин басымдылық көрсетті – 6:4, 6:1.

18 тамызда мәреге жететін жарыстың ширек финалына шығу үшін С.Стивенс ресейлік Светлана Кузнецовамен, ал С.Кенин әлемнің 7-ракеткасы, украиналық Элина Свитолинамен шеберлік байқасады.

Енді теннисшілерімізге биылғы «Үлкен дулыға» додасының соңғысы, 26 тамыз – 8 қыркүйек аралығында Нью-Йоркте өтетін US Open турнирінде табыс тілейміз.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың Цинциннати турнирінің екінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар