Теннис: Путинцева Майами турнирінің ширек финалына шыға алмады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 44-ракеткасы Юлия Путинцева Майами турнирінің төртінші айналымында чехиялық Каролина Плишковамен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл матчта әлемнің 7-ракеткасы К.Плишкованың фаворит екені анық-ты. Ол - Ю.Путинцеваға қарағанда, бойы сырықтай ұзын, эйсінің көптігімен де ерекшеленетін ойыншы.

Бірінші сетте сәтті өнер көрсеткен қазақстандық теннисші 6:2 есебімен жеңіске жетті.

Екінші партияда есеп 5:4 болып тұрған мезетте чехиялық спортшы брейк жасай білді. Ол сетке доп бергенде, Ю.Путинцева брейк-пойнтты пайдалана алмады. Бұл сет К.Плишкованың еншісіне жазылды - 6:4.

Үшінші, шешуші сетті чехиялық теннисші брейкпен бастап, өз геймін де алды - 2:0. Есеп 2:3 болғанда, қазақстандық спортшы қайыра брейк жасап, таразы басын теңестірді. Дегенмен К.Плишкова ұрымтал сәтте тағы бір брейкпен алға шықты - 6:5. Ақыры ол жеңіс тізгінін берген жоқ - 7:5.

Екі сағаттан астам уақытқа созылған аса тартысты бәсеке барысында қарсылаастар алты реттен брейк жасады.

К.Плишкова ширек финалда тағы бір чехиялық, әлемнің 59-ракеткасы Маркета Вондрусовамен кортқа шығады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ю.Путинцеваның жүлде қоры 9 млн АҚШ долларынан асатын Майами турнирінің үшінші және төртінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар