Теннис: Путинцева Майами турнирінің екінші айналымына шықты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 44-ракеткасы Юлия Путинцева Майами турнирінің алғашқы айналымында бельгиялық Кирстен Флипкенспен күш сынасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

К.Флипкенс дүниежүзілік рейтингте 56-орында тұрғанымен, 33 жастағы тісқаққан, тәжірибелі ойыншы.

Бельгиялық теннисші бірінші партияны 6:4 есебімен аяқтай алды.

Есесіне, екінші сетте биыл 24-ке толған қазақстандық спортшы бірден брейк жасап, 2:0 есебімен алға шықты.Осы басымдықты аяғына дейін ұстай білді - 6:4.

Үшінші, шешуші партияда есеп 1:1 болған мезетте Ю.Путинцева тағы бір брейк жасады - 2:1. Әйтсе де қарсыласы қайыра брейк жасап кетті - 2:2. Есеп 3:3 болғанда, қазақстандық спортшы бірнеше брейк-пойнтты пайдалана алмады. Керісінше, бельгиялық теннисші келесі геймде сондай мүмкіндіктерінің бірін мүлт жіберген жоқ - 5:3. Дегенмен Юлия қарсыласы матчқа доп бергенде, қайсарлық танытып, брейк жасай білді - 4:5.Өз геймін алғаннан кейін тағы бір брейкке қол жеткізді - 6:5. Ақыры бірінші матч болмен тәмамдады - 7:5.

Аса тартысты матч 3сағаттан астам уақытқа созылды.

Ю.Путинцева жүлде қоры 9 млн АҚШ долларынан асатын Майами турнирінің екінші айналымында әлемнің 20-ракеткасы, швейцариялық Белинда Бенчичпен кортқа шығады.

Өткен жылғы Майами турнирінде Зарина Дияс төртінші айналымға дейін жетсе, Ю.Путинцева бастапқы кездесуінде-ақ жеңіліп қалған еді. Биыл З.Дияс іріктеу сайыстарында сүрініп, негізгі турнирден тыс қалды.

Ерлер арасында Қазақстанның бірінші, әлемнің 43-ракеткасы Михаил Кукушкин алғашқы айналымда аргентиналық, рейтингте 80-орындағы Гвидо Андреоццимен кездесті.

Тартысты өрбіген бірінші партия тай-брейкке ұласты. Мұнда аргентиналық теннисші басым болды - 7:3.

Екінші сетте де Г.Андреоцци 6:4 есебімен жеңіске жетті.

Осылайша М.Кукушкин екінші айналымға шыға алмады.

Еске сала кетейік,бұдан бұрын Михаил Кукушкиннің АҚШ-тағы Финикс турнирінің финалында есе жібергенін, ал А.Бубликтің Майамиде іріктеу сайысын сәтті бастап, негізгі жарысқа жолдама алғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар