Теннис: Путинцева Мадрид турнирінің үшінші айналымына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 43-ракеткасы Юлия Путинцева Мадрид турнирінің екінші айналымында франциялық Полин Пармантьемен сынға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Матчты сәтті бастаған қазақстандық теннисші бірінші сетте 6:4 есебімен жеңіске жетті.

Екінші партияда рейтингте 69-орында тұрған, бірінші айналымда әлемнің 6-ракеткасы, украиналық Элина Свитолинаны ұтқан П.Пармантье дәл сондай есеппен есе қайырды.

Үшінші, шешуші сетте есеп 2:1 болған мезетте брейк жасаған Ю.Путинцева алға шықты. Ақыры ол матчты тағы бір брейкпен түйіндеді - 6:3.

Тартысты бәсеке 2 сағат 22 минутқа созылды.

Қазақстандық теннисші ширек финалға шығу үшін әлемнің 9-ракеткасы, аустралиялық Эшли Барти немесе рейтингте 30-орындағы америкалық Даниэль Роуз Коллинстің біреуімен таласады.

Ерлер арасындағы дәл осы Мадрид турнирі Қазақстанның бірінші, әлемнің 40-ракеткасы Михаил Кукушкин үшін сәтсіз болды. Ол алғашқы айналымда-ақ рейтингте өзінен он саты төмен тұрған германиялық Филипп Кольшрайберден 2:6, 6:7 (5:7) есебімен ұтылып, жарыс жолынан шығып қалды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ю.Путинцеваның Мадрид турнирін жеңіспен бастағанын, ал Зарина Диястың Жапониядағы жарыстың жеңімпазы атанып, үздік 100 теннисшінің қатарына енгенін жазған болатынбыз.

Ерлер арасында Дмитрий Попко АҚШ-тағы турнирдің жеңімпазы атанды. Ал Андрей Голубев пен Тимофей Скатов Шымкенттегі турнирді сәтті бастады.

Соңғы жаңалықтар