Теннис: Путинцева Истбурн турнирінің алғашқы айналымынан аса алмады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат  - Қазақстандық Юлия Путинцева Истбурн (Ұлыбритания) турнирінің бірінші айналымында хорватиялық Донна Векичпен күш сынасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл 23-ке толған қазақстандық теннисші қазіргі таңда әлемдік рейтингте 57-інші орында тұрса, 1996 жылғы Д.Векич одан екі саты ғана жоғарыда келеді. Шеберлік деңгейлері шамалас деуге болады.

Барынша тартысты өткен матчта бірінші партияда Донна Векич басымдылық танытты - 7:5.

Екінші сетте бірден брейк жасаған хорватиялық теннисші 2:0 есебімен алға шықты. Дегенмен Юлия қайыра брейк жасап, таразы басын теңестірді. Алайда өзі доп бергенде, мүмкіндігін пайдалана алмады - 2:3. Ақыры бұл партияда да хорватиялық теннисші 6:3 есебімен жеңіске жетті.

Кездесу 1 сағат 47 минутқа созылды.

Д.Векич екінші айналымда әлемнің 24-інші ракеткасы, чехиялық Барбора Стрыцовамен шеберлік байқасады.

Әлемнің екінші ракеткасы, даниялық Каролина Возняцки секілді мықты теннисшілер қатысып жатқан Истбурн турнирінің жүлде қоры 753 900 АҚШ долларына бағаланып отыр.

Бүгін сондай-ақ Түркияда ерлер арасында Анталия турнирінің іріктеу сайыстары мәреге жетті. Қазақстандық, әлемнің 275-інші ракеткасы Александр Недовесов рейтингте 155-інші орында тұрған словениялық Блаж Кавчичпен өткен тартысты бәсекеде 6:3, 3:6, 3:6 есебімен есе жіберді. Сөйтіп негізгі турнирге шыға алмады.

Еске сала кетейік, кеше Ю.Путинцеваның іріктеу сайыстарын сәтті өткізіп, негізгі турнирге жолдама алғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар