Теннис: Путинцева Дубай турнирінің екінші айналымына шыға алмады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші ракеткасы Юлия Путинцева Дубай турнирінің алғашқы айналымында украиналық Леся Цуренкомен күш сынасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші әлемдік рейтингте 43-орында болса, қарсыласы одан едәуір жоғары, 24-сатыда тұрған еді.

Бірінші партияда Л.Цуренко брейк жасап, алға кетті. Есеп 5:3 болып тұрған мезетте ол тағы бір брейкке қол жеткізіп, сетті аяқтады - 6:3.

Бұдан кейін Ю.Путинцева медициналық көмекке жүгінді. Ақыры ол екінші партияда есеп 0:2 болған мезетте матчты жалғастырудан бас тартты.

Бәсеке бір сағаттай уақытқа созылды.

Л.Цуренко екінші айналымда әлемнің 21-ракеткасы, сенбі күні мәреге жеткен Доха турнирінің жеңімпазы, бельгиялық Элиза Мертенс немесе қытайлық, рейтингте 108-сатыдағы Линь Чжудің бірімен шеберлік байқасады.

Осы жарыста әлемнің 96-ракеткасы Зарина Дияс алғашқы матчын рейтингте өзінен он саты жоғары тұрған, словениялық Далила Якуповичпен өткізеді.

Тағы бір қазақстандық, рейтингте 196-орындағы Елена Рыбакина Будапешт турнирінің іріктеу сайысында бүгін әлемнің 133-ракеткасы, бельгиялық Исалин Бонавантюрге 2:6, 6:3, 2:6 есебімен есе жіберді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшілердің Дубай турниріндегі қарсыластары анықталғанын жазған болатынбыз.

Жүлде қоры 2,5 млн астам АҚШ долларына бағаланған айтулы додаға әлемнің 1 және 2-ракеткалары, жапониялық Наоми Осака, чехиялық Петра Квитова бастаған мықты теннисшілер қатысып, бақ сынайды. Олардың арасында 2018 жылғы осы турнирдің жеңімпазы, украиналық, әлемнің 7-ракеткасы Элина Свитолина да бар.

Ал ерлер арасында Қазақстанның бірінші, әлемнің 53-ракеткасы Михаил Кукушкин Марсель (Франция) турнирінің бастапқы айналымында рейтингте өзінен он саты төмен тұрған америкалық Денис Кудламен кортқа шығады.

Соңғы жаңалықтар