Теннис: Путинцева Цинциннати турнирін жеңіспен бастады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Юлия Путинцева Цинциннати WTA 1000 турнирін жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлемнің 36-ракеткасы Ю.Путинцева бірінші айналымда дүниежүзілік рейтингте 51-орында тұрған қытайлық Чжан Шуаймен кездесті.

Небәрі 46 минутқа созылған матчта қазақстандық теннисші айқын басымдылық көрсетіп, 6:2, 6:0 есебімен жеңіске жетті. Ол бәсеке барысында 2 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Қарсыласы 1 эйспен ғана шектеліп, брейк жасай алған жоқ.

Бұл спортшылардың өзара кездесулеріндегі есеп теңесті – 2:2.

Ю.Путинцева екінші айналымда әлемнің 6-ракеткасы, чехиялық Каролина Плишковамен шеберлік байқасады. К.Плишкова осының алдында Канадада өткен Монреаль турнирінің финалына дейін жетіп, соңғы бәсекеде италиялық Камила Джорджиге 3:6, 5:7 есебімен есе жіберген болатын.

Қазақстанның бірінші, әлемнің 19-ракеткасы Елена Рыбакина алғашқы айналымда рейтингте 186-сатыдағы аустралиялық Саманта Стосурмен кортқа шығады. Елена тәжірибелі қарсыласын Токио Олимпиадасында ұтқан болатын.

Жүлде қоры 2,1 млн АҚШ долларынан асатын Цинциннати додасы 22 тамызда мәреге жетеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшілердің әлемдік рейтингіде жоғары көтерілгенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар