Теннис: Путинцева әлемнің 3-ракеткасынан жеңіліп қалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 36-ракеткасы Юлия Путинцева Чжэнчжоу (Қытай) WTA турнирінің ширек финалына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ю.Путинцева екінші айналымда осы турнирдің 2-інші, әлемнің 3-ракеткасы, украиналық Элина Свитолинамен кездесті.

Кеше туған күні болып, 25-ке толған Э.Свитолина бірінші партияда 2:1 есебімен алға шықты. Бұдан кейін екі мәрте брейк жасаған Ю.Путинцева есепті 4:2-ге жеткізді. Содан соң қарсыластар брейкпен алмасты – 5:3. Сетке доп бергенде, қазақстандық теннисші мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ – 6:3.

Екінші партияда Свитолина тағы да брейкпен бастады – 2:0. Путинцева қайыра брейк жасағанымен, қарсыласы дес бермеді – 6:1.

Үшінші, шешуші сетте украиналық теннисші брейкпен бастағанымен, Юлия қарымта қайырып, өзі алға шықты – 4:2. Өз геймінде есе жібергенімен, тағы бір брейк жасады – 5:3. Содан кейін Путинцева матчқа доп бергенде, жеңіске жететін сәтті пайдалана алмады – 5:4. Ақыры ойын тағдыры тай-брейкте шешілді. Тай-брейкте алдымен Путинцева 5:2 есебімен алға ұзап кеткенімен, содан кейін қателеспеген Свитолинаның бағы жанды – 7:6 (7:5).

Тартысты бәсеке 2 сағат 35 минутқа созылды.

Э.Свитолина ширек финалда әлемнің 49-ракеткасы, франциялық Кристина Младеновичпен шеберлік байқасады.

Жүлде қоры 1,5 млн АҚШ долларына бағаланған Чжэнчжоу додасы 15 қыркүйекте мәреге жетеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның әлемнің 3-ракеткасымен кездесетінін, ал Елена Рыбакинаның Наньчан турнирінің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар