Теннис: Путинцева Аделаида турнирінің ширек финалына шыға алмады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық, әлемнің 28-ракеткасы Юлия Путинцева Аустралияда өтіп жатқан Аделаида турнирінің ширек финалына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осы доданың 7-ракеткасы болып тіркелген Ю.Путинцева екінші айналымда дүниежүзілік рейтингте 292-орында тұрған аустралиялық Сторм Сэндерспен кездесті.

Негізгі турнирге іріктеу сайыстарынан кейін қосылған аустралиялық теннисші бірінші партияда 3:0 есебімен алға кетті. Есеп 5:3 болып, С.Сэндерс сетке доп бергенде, Ю.Путинцева қайыра брейк жасай алды. Алайда аустралиялық спортшы сетті брейкпен бітірді – 6:4.

Екінші партияда есеп 5:5 болған мезетте қазақстандық теннисші брейк жасап, сосын өз геймін де ала білді – 7:5.

Үшінші, шешуші сетте С.Сэндерс қос бірдей брейкпен алға кетті – 5:1. Ақыры ол өз мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:1.

Тартысты өткен бәсеке 2 сағат 20 минутқа созылды.

С.Сэндерс жартылай финалға шығу үшін әлемнің 12-інші, осы жарыстың 2-ракеткасы, швейцариялық Белинде Бенчичпен таласады. Ол екінші айналымда жапониялық Мисаки Доиды 6:1, 6:3 есебімен оңай ұтты.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ю.Путинцеваның Аделаида турнирінің екінші айналымына шыққанын, Денис Евсеевтің Нұр-Сұлтан жарысының ширек финалына өткенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар