Теннис: Попко мен Недовесов Шымкент турнирінің жартылай финалында кездеседі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисшілер Дмитрий Попко мен Александр Недовесов Шымкент челленджер турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүниежүзілік рейтингте 606-орында тұрған қазақстандық теннисші ширек финалда әлемнің 522-ракеткасы, өзбекстандық Санжар Файзиевпен кездесті. Бірінші партияда Д.Попко 6:4 есебімен қарсыласынан басым түссе, екіншісінде бірде-бір гейм ұстатқан жоқ. Матч 1 сағат 11 минутқа созылды.

Тағы бір қазақстандық, рейтингте 209-сатыдағы Александр Недовесов ширек финалда осы турнирдің екінші, әлемнің 162-ракеткасы, ұлыбританиялық Джей Кларкпен күш сынасты. Бірінші партияны қарқынды бастаған Д.Кларк 3:0 есебімен алға кетті. Ол сол басымдығынан айырылған жоқ - 6:2. Екінші сетте А.Недовесов есеп 1:1 болған мезетте брейк жасай алды - 2:1. Алайда ұлыбританиялық спортшы таразы басын теңестіре білді. Тартысты өрбіген он бірінші геймде қазақстандық теннисші брейкке қол жеткізді - 6:5. Ақыры ол өзі доп бергенде, мүмкіндігін жіберген жоқ - 7:5. Үшінші, шешуші партияны отандасымыз брейкпен бастап, өз геймін алды - 2:0. Тағы бір брейк - 3:0. А.Недовесов матчты айқын басымдылықпен аяқтай білді - 6:1.

Тартысты ойын екі сағаттан астам уақытқа созылды.

Осылайша Д.Попко мен А.Недовесов жартылай финалда өзара кездесіп, соңғы бәсекеге берілетін жолдаманы сарапқа салады. Бұл - финалда бір қазақстандық теннисші ойнайды деген сөз.

Шымкент турнирінде жұптық сында жартылай финалға шыққандар арасында да қазақстандықтар бар. Жарыстың екінші ракеткасы болып тіркелген қазақстандық Тимур Хабибуллин мен украиналық Владислав Манафов аустриялық Юрий Родионов пен фин Эмиль Руусувуоримен финалдың жолдамасы үшін сынға түседі.

Сондай-ақ, тағы бір қазақстандық Денис Евсеев пен үндістандық Арджун Кадхе жартылай финалда турнирдің 1-ракеткалары, португалиялық Гонсалу Оливейра мен Беларусь елінің өкілі Андрей Василевскиймен шеберлік байқасады. Жүлде қоры 54 160 АҚШ долларын құрайтын Шымкент турнирі 12 мамырда мәреге жетеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Галина Воскобоева жұптық сында Мадрид турнирінің, ал Зарина Дияс Жапониядағы жарыстың жартылай финалына шыққан болатын. Дмитрий Попко мен Александр Недовесов Шымкент турнирінің ширек финалына жолдама алған еді.

Соңғы жаңалықтар