Теннис: Попко мен Недовесов Шымкент турнирінің ширек финалына шықты

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисшілер Дмитрий Попко мен Александр Недовесов Шымкент турнирінің ширек айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүниежүзілік рейтингте 606-орында тұрған 22 жасар Д.Попко үшінші айналымда турнирдің 3-інші, әлемнің 190-ракеткасы, Аустрия елінің өкілі, жуырда 20-ға толатын Юрий Родионовпен күш сынасты.

Бірінші партия тай-брейкке дейін жетіп, онда аустриялық теннисшінің бағы жанды - 8:6.

Екінші сетте Д.Попко қарсыласына еш мүмкіндік қалдырған жоқ - 6:0.

Үшінші, шешуші партияда брейк жасаған қазақстандық спортшы матчты жеңіспен аяқтай білді - 6:4.

Тартысты бәсеке 2 сағат 23 минутқа созылды.

Ю.Родионов екінші айналымда қазақстандық Андрей Голубевті жеңген болатын. Соның есесін Д.Попко қайырды.

Дмитрий Попко жартылай финалға шығу үшін әлемнің 522-ракеткасы, өзбекстандық Санжар Файзиевпен таласады.

Тағы бір қазақстандық, осы турнирдің бесінші, әлемнің 209-ракеткасы, 1987 жылғы тәжірибелі А.Недовесов үшінші айналымда рейтингте 301-орындағы 20 жасар ресейлік Павел Котовпен шеберлік байқасты.

Бірінші партияда брейк жасаған қазақстандық спортшы сол басымдылығын сақтай алды - 6:4.

Есесіне екінші сетте ресейлік теннисші 3:0 есебімен алға кетті. Дегенмен А.Недовесов қайыра брейк жасап, таразы басын теңестіре алды. Есеп 6:5 болған мезетте П.Котов брейк жасап кетті - 7:5.

Үшінші, шешуші партияда ресейлік спортшы тағы алға шықты - 3:1. А.Недовесов есепті теңестірумен бірге брейк жасады - 5:4. Бірақ матчқа доп бергенде, өз мүмкіндігін пайдалана алмады - 5:5. Тағы бір брейк - 6:5. Ақыры қазақстандық теннисші үшінші матчболын мүлт жіберген жоқ.

Аса тартысты ойын 3 сағат 15 минутқа созылды.

А.Недовесов ширек финалда осы турнирдің екінші, әлемнің 162-ракеткасы, ұлыбританиялық Джей Кларк немесе рейтингте 433-сатыда тұрған германиялық Тобиас Симонның біреуімен кездеседі.

Егер Д.Попко мен А.Недовесов жартылай финалға шықса, өзара кездесіп, финалдың жолдамасын сарапқа салады.

Шымкент турнирі (жүлде қоры 54 160 АҚШ доллары) 12 мамырда мәреге жетеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Андрей Голубев пен Тимофей Скатовтың, содан кейін АҚШ-тағы жарыстан жеңімпаз болып келген Дмитрий Попко Шымкент турнирін сәтті бастағанын, сосын Недовесов пен Попконың үшінші айналымға шыққанын жазған болатынбыз.

Жапониядағы Гифу ITF жарысының жеңімпазы атанып, үздік 100 теннисшінің қатарына енген Зарина Дияс Күншығыс еліндегі тағы бір турнирді сәтті бастап, ширек финалға шықты.

Тағы бір қазақстандық Галина Воскобоева жұптық сында Мадрид турнирінің ширек финалына жолдама алды.

Осы Мадрид турнирін жекелей сында жеңіспен бастап, үшінші айналымға шыққан Юлия Путинцева әлемнің 9-ракеткасы, аустралиялық Эшли Бартиге есе жіберді.

Соңғы жаңалықтар