Теннис: Попко мен Евсеев Самарқан турнирінің үшінші айналымына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық Дмитрий Попко мен Денис Евсеев Самарқан челленджер турнирінің үшінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүниежүзілік рейтингте 359-орында тұрған Д.Попко екінші айналымда осы турнирдің екінші, әлемнің 158-ракеткасы, Беларусь елінің өкілі Егор Герасимовпен шеберлік байқасты.

Қарсыласының рейтингісі жоғары болғанына қарамастан, қазақстандық теннисші 6:3, 7:6 (7:1) есебімен ұтты.

Бәсеке 1 сағат 35 минутқа созылды.

Әлемнің 310-ракеткасы Д.Евсеев рейтингте өзінен бес саты жоғары тұрған сальвадорлық Марсело Ареваломен кортқа шықты.

Екі сағат 28 минутқа созылған тартысты бәсекеде Денис 7:6 (8:6), 3:6, 6:3 есебімен жеңіске жетті.

Тағы бір қазақстандық, турнирдің төртінші, әлемнің 194-ракеткасы Александр Недовесов рейтингте 355-орындағы бразилиялық Жуан Менезестен 1:6, 4:6 есебімен жеңіліп, жарыс жолынан шығып қалды.

19 мамырда мәреге жететін Самарқан турнирінің ширек финалына шығу үшін Д.Попко турнирдің 15-інші, әлемнің 303-ракеткасы, үндістандық Сумит Нагалмен, ал Д.Евсеев А.Недовесовті ұтқан Ж.Менезеспен кездеседі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның үздік 40 теннисшінің қатарына қайтадан еніп, Рим турнирінің екінші айналымына шыққанын, Дмитрий Попко мен Денис Евсеевтің Самарқан жарысын сәтті бастағанын жазған болатынбыз.

Ю.Путинцева бүгін әлемнің 5-ракеткасы, чехиялық Петра Квитовамен ойнайды.

Соңғы жаңалықтар