Теннис: Попко мен Евсеев Самарқан турнирін сәтті бастады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Дмитрий Попко мен Денис Евсеев Самарқан челленджер турнирін сәтті бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өткен аптада Шымкенттегі челленджер турнирінің финалына дейін жеткен Д.Попко кеше жаңартылған әлемдік рейтингте 606-орыннан тура 359-сатыға бір-ақ секірген болатын. Енді 22 жастағы қазақстандық теннисші Самарқан турнирін табысты өткізсе, рейтингісі одан сайын жоғарылайтыны анық.

Бүгін Дмитрий Попко рейтингте 379-орындағы аустралиялық Джейкоб Гриллспен шеберлік байқасты. Бір сағат 45 минутқа созылған матчта қазақстандық спортшы 6:3, 7:6 (7:3) есебімен жеңіске жетті.

Тағы бір қазақстандық, әлемнің 310-ракеткасы Денис Евсеев рейтингте 393-сатыдағы колумбиялық Алехандр Гонсалесті аса тартысты бәсекеде 6:3, 6:7 (3:7), 6:4 есебімен тізе бүктірді.

Ал рейтингте 600-орындағы Андрей Голубев әлемнің 395-ракеткасы, испаниялық Карлос Болуда-Пуркиске 6:4, 3:6, 4:6 есебімен жол берді.

Д.Попко екінші айналымда осы турнирдің екінші ракеткасы болып тіркелген, рейтингте 158-орындағы Беларусь елінің өкілі Егор Герасимовпен күш сынасады. Д.Евсеев әлемнің 305-ракеткасы, сальвадорлық Марсело Аревалоны сынап көреді.

Турнирдің төртінші, әлемнің 194-ракеткасы Александр Недовесов жарысқа екінші айналымнан қосылып, рейтингте 355-орындағы бразилиялық Жуан Менезеспен кортқа шығады. Егер Д.Евсеев пен А.Недовесов қарсыластарын ұтса, келесі айналымда өзара кездеседі.

Самарқан турнирі 19 мамырда мәреге жетеді.

Тағы бір қазақстандық, әлемнің 94-ракеткасы Александр Бублик Германиядағы Хайльбронн челленджер турнирінде бақ сынайды. Турнирдің үшінші ракеткасы болып тіркелген А.Бублик екінші айналымда рейтингте 134-орындағы словакиялық Йозеф Коваликпен шеберлік байқасады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның үздік 40 теннисшінің қатарына қайтадан енгенін және Рим турнирінің екінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар