Теннис: Новак Джокович сегізінші мәрте Аустралия чемпионы атанды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сербиялық Новак Джокович сегізінші мәрте Аустралия ашық чемпионатының жеңімпазы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Финалда әлемнің 2-ракеткасы Новак Джокович пен рейтингте 5-орында тұрған аустриялық Доминик Тим бас жүлдені сарапқа салды.

Бұған дейін қарсыластардың он рет жолдары тоқайласса, соның алтауында 32 жастағы сербиялық теннисшінің мерейі үстем болды.

Н.Джокович 16 мәрте «Үлкен дулыға» турнирінің жеңімпазы атанса, соның жетеуі Аустралия ашық чемпионаты екен. Оның үстіне Новак Аустралия біріншілігінде финалдық матчта жеңіліп көрмеген.

Ал 26 жастағы Д.Тим бұған дейін 2018 және 2019 жылдары Франция ашық чемпионатының финалына шыққанымен, екеуінде де ұтылып қалған болатын.

Бірінші партияда сербиялық спортшы 3:0, 4:1 есебімен алға шықты. Қарсыласы таразы басын теңестіргенімен, Н.Джокович бұл сетті бермеді – 6:4.

Есесіне екінші және үшінші сетте Д.Тим күш алып кетті – 6:4, 6:2.

Дегенмен төртінші партияда Н.Джокович брейк жасап, сол басымдылығын пайдалана білді – 6:3.

Бесінші, шешуші партияда есеп 1:1 болған мезетте сербиялық теннисші брейк жасай алды – 2:1. Бұдан кейін Д.Тим қарымта қайтаратындай мүмкіндігін мүлт жіберді. Ақыры есеп 5:4 болып, Н.Джокович матчқа доп бергенде, қателескен жоқ – 6:4.

Нағыз финалға тән, тартысты өткен бәсеке төрт сағатқа созылды.

Осылайша Н.Джокович Аустралия чемпионатында сегізінші мәрте топ жарды. Ол өткен жылы да үздік шыққан болатын. Сөйтіп сербиялық спортшы дүниежүзілік рейтингте қайтадан бірінші ракетка атанады.

Аустралия біріншілігінде ерлер арасында жекелей сында қазақстандықтар Александр Бублик пен Михаил Кукушкин алғашқы айналымнан аса алмады. Есесіне олар жұптық сында табысты өнер көрсетіп, ел теннисі тарихында тұңғыш рет «Үлкен дулыға» турнирінде жартылай финалға дейін жетті.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын әйелдер арасында Аустралия чемпионатының жеңімпазы анықталғанын, қазақстандықтарды ұтқан жұптың чемпион атанғанын жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар