Теннис: Недовесов пен Попко Шымкент турнирінің үшінші айналымына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисшілер Александр Недовесов пен Дмитрий Попко Шымкент турнирінің үшінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осы турнирдің бесінші, әлемнің 209-ракеткасы А.Недовесов екінші айналымда тағы бір қазақстандық Тимофей Скатовпен кездесті. Бір сағат 15 минутқа созылған матчта тәжірибелі, 32 жастағы А.Недовесов 6:3, 6:3 есебімен жеңіске жетті. А.Недовесов ширек финалға шығу үшін әлемнің 301-ракеткасы, ресейлік Павел Котовпен таласады.

Тағы бір қазақстандық, рейтингте 606-орында тұрған 1996 жылғы Дмитрий Попко турнирдің 15-інші, әлемнің 362-ракеткасы, 19 жасар бразилиялық Тьяго Сейбот Уайлдпен кортқа шықты. Бірінші партияда есеп 2:2 болған мезетте брейк жасаған қазақстандық теннисші одан кейін дес берген жоқ - 6:2. Екінші сетте де Д.Попко брейк жасап, алға шықты - 2:0. Тағы бір брейк - 5:2. Қарсыласы да брейк жасап, есепті қысқартты. Дегенмен Дмитрий өз мүмкіндігін жібермеді - 6:4.

Бұл бәсеке 1 сағат 40 минутқа созылды.

Д.Попко турнирдің үшінші, әлемнің 190-ракеткасы, Аустрия елінің намысын қорғайтын Юрий Родионовпен ширек финал жолдамасын сарапқа салады. Ю.Родионов екінші айналымда тағы бір қазақстандық Андрей Голубевті ұтып кеткен болатын. Енді соның есесін Д.Попко қайтаруға тырысады. Егер А.Недовесов пен Д.Попко келесі қарсыластарын ұтып, жартылай финалға дейін жетсе, өзара кездесіп, финалдың жолдамасын сарапқа салады.

Жүлде қоры 54 160 АҚШ долларына бағаланған Шымкент турнирі 12 мамырда мәреге жетіп, жеңімпаз анықталады.

Еске сала кетейік, Мадрид турнирін жеңіспен бастап, үшінші айналымға шыққан Юлия Путинцева бүгін әлемнің 9-ракеткасы, аустралиялық Эшли Бартимен ширек финал жолдамасы үшін сынға түседі.

Соңғы жаңалықтар