Теннис: Недовесов пен Голубев Хорватиядағы турнирдің финалына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандықтар Александр Недовесов пен Андрей Голубев жұптық сында Хорватиядағы Сплит челленджер турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық жұп жартылай финалда чехиялықтар Зденек Колар – Лукаш Росолмен шеберлік байқасты.

Бірінші партияда А.Недовесов пен А.Голубев 6:2 есебімен басым түсті.

Екінші сетте чехиялық жұп дәл сондай есеппен есе қайырды – 6:2.

Тай-брейкте қазақстандықтар жеңісті жұлып алды – 10:6.

Бәсеке 1 сағат 16 минутқа созылды.

Жарыстың 1-ракеткалары А.Недовесов пен А.Голубев финалда Польша өкілдері Шимон Валков – Ян Зелинскимен бас жүлдені сарапқа салады.

Олар жартылай финалда турнирдің 2-ракеткалары, франциялық Альбано Оливетти – аустралиялық Мэтт Ридті 6:4, 6:4 есебімен ұтып кетті.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын А.Недовесов пен А.Голубевтің Хорватиядағы турнирдің жартылай финалына шыққанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар