Теннис: Кукушкиннің Дубай турниріндегі қарсыласы анықталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 50-ракеткасы Михаил Кукушкиннің Дубай турниріндегі қарсыласы белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жүлде қоры 2,9 млн жуық АҚШ долларын құрайтын айтулы доданың алғашқы айналымында қазақстандық спортшы осы турнирдің 6-ракеткасы болып тіркелген, дүниежүзілік рейтингте 13-орында тұрған хорватиялық Борна Чоричпен кездеседі.

Дубай турнирінің іріктеу сайыстарына қатысқан тағы бір қазақстандық, рейтингте 187-орындағы Александр Недовесов Беларусь елінің өкілі, әлемнің 161-ракеткасы Егор Герасимовке есе жіберді.

Әйелдер арасындағы Дубай турнирі кеше мәреге жетіп, онда жарысты тамаша өткізген 21 жасар швейцариялық, рейтингте 45-сатыдағы Белинда Бенчич финалда чехиялық, әлемнің 4-ракеткасы Петра Квитованы ұтып, жеңімпаз атанды.

Қазақстандықтар Юлия Путинцева мен Зарина Дияс алғашқы айналымнан аса алмады.

Бүгін Михаил Кукушкин жүлде қоры 744 010 еуроға бағаланған Марсель (Франция) турнирінің финалында әлемнің 12-ракеткасы, грекиялық Стефанос Циципаспен кортқа шығады.

Бұған дейін спорттық жолында қазақстандық теннисші 2010 жылы Санкт-Петербург турнирінің чемпионы атанған еді. Енді тағы бір сондай мүмкіндік туып тұр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын М.Кукушкиннің рейтингте үздік елулікке енгенін жазған болатынбыз. Содан кейін ол Марсель турнирін сәтті бастады. Сосын жарыстың ширек, жартылай финалына және кеше соңғы бәсекеге жолдама алды.

Соңғы жаңалықтар