Теннис: Кукушкин US Open турнирінің төртінші айналымына шыға алмады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат  - Қазақстанның бірінші, әлемнің 84-інші ракеткасы Михаил Кукушкин US Open турнирінің үшінші айналымында австралиялық Джон Миллманмен күш сынасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүниежүзілік рейтингте 55-інші сатыда тұрған Д.Миллман матчты сәтті бастады.

Австралиялық теннисші бірінші партияны 6:4 есебімен ұтты.

Екінші сетте М.Кукушкин брейк жасап, 2:1 есебімен алға шықты. Партияның аяғына дейін сол басымдылығынан айырылмай, қарымта қайтара білді - 6:4.

Қазақстандық теннисші үшінші партияны брейкпен бастағанымен, содан кейін өзі доп бергендегі гейм аса тартысты өрбіді. Д.Миллман бесінші брейк-пойнтын сәтті пайдаланып, таразы басын теңестірді - 1:1. Бұдан соң австралиялық спортшы бес бірдей геймді алып,  есепті біржола 6:1-ге жеткізді.

 Төртінші партияда есеп 2:2 болған мезетте М.Кукушкин жиі қателесіп, қарсыласының брейк жасауына мүмкіндік беріп қойды. Дегенмен өзі қайыра брейк жасап, есепті теңестірді - 3:3. Бұдан кейін Миллман ойын тізгінін өз қолына алды - 4:3. Ақыры австралиялық теннисші өз дегеніне жетті - 6:3.

Тартысты бәсеке үш сағатқа жуық уақытқа созылды.

Д.Миллман ширек финалға шығу үшін әлемнің 2-інші ракеткасы, атақты швейцариялық Роджер Федерер немесе отандасы, рейтингте 30-ыншы орындағы Ник Кирьоспен кортқа шығады.

М.Кукушкин өткен жылғы US Open турнирінде де үшінші айналымға дейін жеткен болатын. Биыл да сол жетістігін қайталады.

Еске сала кетейік, америкалық Ной Рубиннен айласын асырып, US Open турнирін жеңіспен бастаған Михаил Кукушкин екінші айналымда әлемнің 23-інші ракеткасы, оңтүстіккореялық Чхун Хенді 7:6, 6:2, 6:3 есебімен ұтқан болатын.

 

 

 

Соңғы жаңалықтар